Діни легитимділік мәселесі: Орта Азиядағы конфликттерді философиялық-теологиялық талдау

Б.Ш. Абдилхаким PhD, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, Алматы, Қазақстан

С.Е. Шакиров PhD, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі, Астана, Қазақстан

А.С. Өмірбай PhD, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының доцент міндетін атқарушы, Астана, Қазақстан

Аңдатпа:

Геосаяси өлшемінен тыс, 2021 жылы Талибан қозғалысының (бұдан әрі – Т) Ауғанстанда қайта билікке келуі шынайы ислами басқаруды кім анықтауға құқылы және мұндай өкілеттіктің діни легитимдігі қандай негіздерге сүйенеді деген философиялық сұрақ туындатты. Бұл мәселе елдің ішкі саяси жағдайына ғана емес, халықаралық қауіпсіздік архитектурасына да елеулі ықпал етті. Тәліптер халықаралық қауымдастыққа Ауғанстан аумағының террористік ұйымдардың базасына айналуына жол бермейтіні жөнінде уәде бергенімен, кейінгі оқиғалар ел аумағында трансұлттық джихадшілік топтардың белсенділігі сақталғанын көрсетті. Мақалада Т билігі тұсындағы Ауғанстанда әрекет ететін шетелдік экстремистік ұйымдардың қызметі мен олардың өзара діни-идеологиялық конфликтілері саяси теология мен дін философиясы тұрғысынан талданады. Зерттеу нысаны ретінде «А» ұйымы, Хорасан Ислам мемлекеті, Тахрик-и Талибан Пакистан, Жамағат Ансарулло, Өзбекстан Ислам қозғалысы, Ислами Жихад Одағы және Хатиба Имам әл-Бұхари сияқты ұйымдар қарастырылды. Зерттеудің мақсаты – аталған ұйымдардың Т-мен және бір-бірімен қарым-қатынасының сипатын, олардың идеологиялық және герменевтикалық ұстанымдарындағы айырмашылықтарды және бұл қайшылықтардың өңірлік қауіпсіздікке ықпалын анықтау болып табылады. Зерттеу нәтижелері Ауғанстандағы экстремистік топтардың барлығы бірдей ортақ мақсатқа қызмет етпейтінін, олардың арасында билік, ықпал аймағы, діни түсінік және стратегиялық бағдар мәселелері бойынша терең қайшылықтар бар екенін көрсетті – бұл қайшылықтар түптеп келгенде діни легитимдіктің бір ғана санатына қатысты бәсекелес талаптарды бейнелейді. Сонымен қатар мақалада Ауғанстандағы трансұлттық экстремистік ұйымдардың Орта Азия мемлекеттері үшін төндіретін қауіптері қарастырылып, олардың аймақ елдеріне бағытталған идеологиялық және әскери белсенділігінің арту үрдісі талданады, әрі радикалды исламизмдегі діни легитимдіктің тұрақты догматикалық факт емес, әлеуметтік-саяси тұрғыда құрылатын талап екені негізделеді. 

Түйін сөздер: Философиялық талдау, діни конфликт, саяси теология, діни легитимдік, дін философиясы, зорлық-зомбылық герменевтикасы, Орта Азия.
PDF
Жарияланды

30.9.2026

Библиографиялық анықтама

Abdilkhakim B. Sh., Shakirov S. E., Omirbay A.S. The problem of religious legitimacy: a philosophical-theological analysis of conflicts in Central Asia // Вестник Торайгыров университет, Серия Гуманитарная. – 2026. – № 3. – С. 6-25.