Ашхабад қаласына ғылыми іссапар

2026 жылғы 9-15 мамыр аралығында жобаның ғылыми жетекшісі, философия докторы (PhD) Асан Амангельдиев, жұмыс тобының құрамынан жетекші ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Сымбат Шакиров және ғылыми қызметкер Шерзод Пулатов Ашхабад қаласына ғылыми іссапарға барды. 
Ғылыми іссапар Түрікменстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының шақыруы бойынша жүзеге асырылды.
2026 жылғы 11-13 мамыр аралығында Түрікменстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты «Түрікменстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясы: бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолындағы ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференцияның пленарлық отырысына жұмыс тобының мүшелері А. Амангельдиев, С. Шакиров және Ш. Пулатов қатысты.
Конференция жұмысы үш секция бойынша ұйымдастырылып, әр секция аясында өзекті ғылыми мәселелер талқыланды. Жұмыс тобының мүшелері А.Амангельдиев, С. Шакиров және Ш. Пулатов конференцияның III секциясының жұмысына қатысты.
III секция «Мәдени дипломатия: ұлттық және жалпыадамзаттық маңызға ие гуманитарлық қатынастардың қағидаттары» тақырыбына арналды. Секция отырысы Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының конференц-залында өткізілді. Секция жұмысына төрағалық етіп, модератор қызметін жұмыс тобының мүшесі, ғылыми қызметкер Шерзод Пулатов атқарды.
Секция барысында мәдени дипломатияның заманауи халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөлі, гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары, мәдениетаралық диалогты дамыту тетіктері, сондай-ақ ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың өзара ықпалдасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар баяндамаларында мәдени дипломатияның бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызына ерекше назар аударылды.
III секция жұмысына Қазақстан, АҚШ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Кипр, Украина, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа да мемлекеттердің жетекші ғалымдары, сарапшылары мен жас зерттеушілері қатысты. Халықаралық деңгейдегі пікір алмасу ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Секциялық отырыс барысында жоба аясындағы жетекші ғылыми қызметкер Сымбат Шакиров «Орталық Азия бестігі елдеріндегі конфликтологияны институционализациялау» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Орталық Азия мемлекеттеріндегі конфликтологиялық зерттеулердің қалыптасу ерекшеліктері, аталған ғылыми бағытты институционалдық тұрғыдан дамыту тетіктері, сондай-ақ аймақтағы гуманитарлық және академиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, конфликтология саласының өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты қоғамдық диалогты қамтамасыз етудегі маңызына ғылыми тұрғыдан талдау жасалды.
Конференцияда қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы халықаралық ынтымақтастықты, дипломатияны және мемлекетаралық өзара іс-қимылды нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 14 мамырда жұмыс тобының мүшелері А.Амангельдиев, С.Шакиров және Ш. Пулатов қатысуымен мамандандырылған ғылыми семинар өтті. 
Түрікмен-қазақстандық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кезең-кезеңімен дамыту аясында ұйымдастырылған іс-шараға Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану кафедрасының студенттері, магистранттары мен профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысып, ғылыми баяндамаларға ерекше қызығушылық танытты. 
Семинар аясында халықаралық ынтымақтастық, гуманитарлық байланыстарды нығайту, мәдени дипломатия және қазіргі заманғы білім беру мен ғылымның өзекті мәселелері талқыланды. Іс-шара ғылыми тәжірибе алмасу мен академиялық диалогты дамытуға бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.
Конференция жұмысына белсенді қатысып, мазмұнды ғылыми баяндамалар жасаған зерттеуші-ғалымдарға Халықаралық қатынастар институтының ректоры Гульшат Гелдиевна Юсупова арнайы сертификаттар табыстады.
12 мамыр күні Ашхабад қаласындағы Халықаралық гуманитарлық ғылымдар және даму университетінің ұйымдастыруымен «Түрікменстан және халықаралық құқық: нейтралитет пен ынтымақтастық тәжірибесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына жұмыс тобының мүшелері А. Амангельдиев, С. Шакиров және Ш. Пулатов қатысты. 
Конференция барысында Жетекші ғылыми қызметкер, PhD Сымбат Шакиров «Бітімгершілік мәдени дипломатияның нысаны ретінде: мәдениетаралық диалогтан гуманитарлық консенсуске дейін» тақырыбында баяндама жасады.
Халықаралық пікірталас алаңында халықаралық құқықтың бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі рөлі талқыланып, сондай-ақ Түрікменстанның, ең алдымен, тұрақты бейтараптық саясатының, ынтымақтастықтың құқықтық тетіктерін дамыту мен конфликттердің алдын алу ісіне қосқан үлесі таныстырылды.

 

Толығырақ: https://www.youtube.com/watch?v=rsYptIYspz4

 

Конференция аясында аталған университеттің ректоры Марал Кулиева және Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Арслан Шариевпен кездесу өткізілді. Кездесу барысында университеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өзара әріптестіктің келешегі мәселелері талқыланды.
Іс-сапар барысында Ашхабад қаласындағы Түрікменстан Ұлттық кітапханасында ғылыми әдебиеттермен танысып, зерттеу тақырыбы аясында ақпараттар жинақталды.
Түрікменстанға жасалған ғылыми іссапар ғылыми-академиялық байланыстарды кеңейтуге, зерттеу тәжірибесімен алмасуға және Орталық Азия елдерінің ғылыми әрі білім беру ұйымдары арасындағы гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.

 

Ps. Ғылыми іссапар «AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» (2025-2027 жж.) ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылды.